Call-center 1411

You are here

Ақтөбеде 100-ге жуық көше жолы жаңарады

Сілтеме: https://24.kz/ru/news/social/item/402202-97-ulits-otremontiruyut-v-aktobe

Ақтөбеде тозығы жеткен жолдарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Қала билігі қара күзге дейін 100-ге жуық көшені жаңалауды жоспарлап отыр. Бұл үшін мемлекет қазынасынан 14 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Ауқымды іске мердігер компаниялардың мамандарынан өзге, жұмыссыздар да тартылған. Ал, салынып жатқан жолдардың сапасы күн сайын тексерілуде. Бұл орташа деңгейдегі жөндеу жүргізіліп жатқан қаладағы жолдардың бірі. Осыдан бірер апта бұрын әр жердегі шұрық-тесігін кез келген көлік жүргізушісі жатқа білетін. Қазір ескі асфальт жамылғысы сырылып, орнына жаңасы төселіп жатыр. Тақтайдай тегіс жол салуды міндетіне алған мердігер ұйым талапқа сай тек жергілікті жерде өндірілген қажетті материалды қолдануда. Бірақ былтырғыға қарағанда бағасында өзгеріс барын айтады. Асқаров Нұржан, мердігер компания басшысы: – Доллар бағасына байланысты материалдың бағасы да қымбаттады. Сапалы салуға тырысамыз. Неге десеңіз, бізде кепілдеме бар. Соны ертең тексереді және биыл жағдай бұрыңғыдай емес, сапаға көп көңіл бөліп жатыр. Қазір лаборатория артымыздан еріп жүреді. Қала жолдарын жөндеу қарқын алғалы, оның сапасын бақылайтын мекеменің де жұмысы қызған. Күн сайын Ақтөбенің әр бөлігінде жаңа төселген жол жіті тексеріледі. Бүгінге дейін 23 көше қамтылып, үш мердігердің ісінен кемшілік анықталған. Олар жол салуда мемлекеттік стандарт талабын сақтамапты. Тельман Малаев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» АОФ директоры: – Шағыл тастың құм, топыраққа көп мөлшерде екені анықталып, ол әрі қарай асфальт жамылғысына жарамайтынын белгілеп, нақты кемшіліктер табылды. Кемшіліктер уақытылы жойылып отырмаса, асфальт жамылғысының тез бұзылуына, шашылып қалуына әкеп соғады. Жалпылай алғанда, биыл қала мен оған жақын орналасқан үш ауылда 97 көшенің жолы жаңармақ. Көбісі орташа және күрделі жөндеуден өтсе, бірқатары қайта салынады. Ал төрт көшенің жұмысы ұзақ мерзімді жобалардың қатарына жатқызылған. Өйткені бұрыңғысына қарағанда кеңейтіліп, жан-жағы абаттандырылады. Данияр Аймағамбетов, қалалық Түкш, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің сектор меңгерушісі: – Мамыр айының басында жөндеу жұмыстары басталды. Жалпы барлық жөндеу жұмысы қазан айының аяғына дейін жоспарланып отыр. Жолдан басқа, көшені жарықтандыру жұмыстары бар. Қазір жол жұмыстарына 15 мердігер ұйым тартылған. Еңбекпен қамтудың жол картасы аясында жұмыссыздар санатында тұрған 500-ден астам азамат бағытталған. Әлі мың жарымын жіберу жоспарланып отыр. Ал ауқымды істің қаншалықты сапалы атқарылғаны алдағы апталарда белгілі болмақ. Тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев. Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/402187-a-t-bede-100-ge-zhuy-k-she-zholy-zha-arady Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz

Аймақ: 
Ақтөбе облысы
17.06.2020