Call-center 1411

You are here

Еңбек жолының бастауы

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жас маманға мамандық бойынша жұмыс табу оңай емес. Бәрінен бұрын, жұмыс берушілер сұрайтын қажетті жұмыс тәжірибесі жоқ. Бұл жағдайда түлектерге мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алу үшін арнайы бағытталған «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламасы көмектеседі.  
Алматы қаласының Жұмыспен қамту орталығы Жоғары оқу орны мен колледж түлектерін ақы төленетін жастар тәжірибесіне шақырады. Қала кәсіпорындарында 375 жас маман тәжірибе жинақтап жатыр. Өтінімдерді белсенді түрде қабылдау жалғасын тауып отыр.
Бағдарламаға 29 жастан аспаған жастар оқуды аяқтағаннан кейінгі 3 жыл ішінде жіберіледі. Жастар тәжірибесінің ұзақтығы 6 айға дейін созылады, ай сайынғы еңбекақысы 63125 теңгені (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыстың өтемақысын, сондай-ақ банктік қызметтерді ескеріп) құрайды. 
2018 жылы алған мамандықтары бойынша жастар тәжірибесінен жоғары оқу орындарының 1289 түлектері өтті.Жұмыс берушілер үшін "жастар тәжірибесі" бағдарламасының бірқатар артықшылықтары бар, бұл жас, бастамашыл, ынталы қызметкерді алу мүмкіндігі; компанияда тәжірибеден өту кезінде болашақ қызметкердің әлеуетін бағалау (6 айға дейін); қайта оқытудың орнына жас маманды үйрету; өз компаниясының әлеуметтік жауапкершілігін көрсету. Бұл ретте, жұмыс беруші бір тиынын да жұмсамайды, өйткені бағдарлама толығымен мемлекет тарапынан қаржыландырылады.Жастар тәжірибесін аяқтағаннан кейін жұмыс беруші өзін жақсы  көрсеткен түлекті штатына кіргізіп алатын жағдайлар аз емес.
Мысалы, «Алматы жылу желілері» ЖШС-те қазіргі кезде жастар тәжірибесінен өткен, екі жас маман жұмыс істеп жатыр. Аңсар Сейдахмет электрмонтер болып жұмыс істейді. Алматы энергетика және байланыс университетін бітіргеннен кейін "Алматы жылу желілері" ЖШС-те  жұмыс іздеген. Компанияның кадрлар бөлімінде түлектің жұмыс тәжірибесінің болмау себебінен, оның Жұмыспен қамту орталығына барып, "Жастар тәжірибесі" бағдарламасына  қатысуға жолдама алуына кеңес берді. «Мен үшін бұл университетті аяқтағаннан кейін алғашқы тәжірибе алуыма үлкен көмек болды. Мені штатқа алғанына өте қуаныштымын».
Қырғызжан Ерлан жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін, жұмыс іздеп Жұмыспен қамту орталығына барады және бірден «Алматы жылу желілері» ЖШС-ке жолдама алады, тәжірибеден өтіп, тұрақты жұмысқа орналасты.
Қазіргі таңда мегаполистің 600-дан аса әртүрлі ұйымдарынан келесі мамандықтар бойынша тәжірибеден өтуге болады: менеджер, маркетолог, экономист, заңгер, мұғалім, дәрігер, психолог, бағдарламашы, журналист және т.б.
Жастар тәжірибесіне жолдаманы Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығынан ала аласыз, мекенжайы: Назарбаев даңғылы, 50, Жібек жолы көшесінің қиылысы. Анықтама телефоны: +7 727 224 20 00, +7 727 221 66 11.

Аймақ: 
Алматы қ.
23.07.2019