Call-center 1411

You are here

Жиһаз дайындау цехы ашылды

     Қалиева Айнұр Романқызы, Атырау облысының Геолог селолық округінің тұрғыны, жастайынан сурет өнеріне қызығушылығы болғандықтан, Атырау қаласында Кіші өнер академиясында «киім пішу және модельдеу» мамандығын меңгерді. Осы мамандықты одан әрі дамыту мақсатында Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясына «дизайн интерьері» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оқу орынын бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жеке ісін ашуға жоспарлады.

       Бұқаралық ақпарат құралдарынан «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының екінші бағыты арқылы шағын несие алып, өз ісін ашуға мүмкіндіктер бар екендігін біліп, Қалалық жұмыспен қамту орталығына хабарласты.

2013 жылдың 3 қаңтарында бағдарлама қатысушысы ретінде тіркелді. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өтіп, куәлік алды. Оқу мезгілінде  «Казагромаркетинг» мекемесі құқықтық, салық, бухгалтерлік және басқа да туындаған мәселелер бойынша толық ақпарат беріп, нұсқаулық көмектер көрсетті.

Оқудан өтіп, бизнес-жоспар жасақтап, «Атырау» несие серіктестігіне мүше болу арқылы жиһаз өндіру цехын ашу мақсатында 3 млн.теңге көлемінде шағын несие алды. Қазіргі уақытта отбасымен тұрғындардан түскен сұраныстар бойынша әр түрлі кеңсе, ас үй жиhаздарын шығарып, аз уақыт ішінде тұтынушылардан оң баға алуда.   

     2013 жылғы 15 мамырда Салық органында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 2 адамды жиһаз жасаушы ретінде жұмысқа қабылдап, жұмыспен қамтыды. Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап тағы да 2 адам жиhаз құрастырушы мамандығы бойынша жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда ағаш бұйымдарының әр түрлі дизайндарын ойластырып, шығаруда. Сондықтан өнім көлемі артып, тұтынушылар да көбеюде. Бағдарламаның арқасында өз отбасының жағдайын жақсартып, өз ісін дамытып келеді.

     2013 жылы Атырау облысында өткен «Атыраудың үздік тауары – 2013» атты көрме-конкурсына қатысып, жүлделі бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар өткен жылы Атырау қаласында тұңғыш өткізілген «Атырау Инвест – 2013» халықаралық бизнес-форумына қатысты. Жыл соңында Республикалық Парыз және Алтын сапа байқауларына қатысып, грамотаға ие болды.

Аймақ: 
Атырау облысы
, 16.09.2014