Call-center 1411

You are here

Мемлекет қолдауымен ісін кеңейткен тігінші

Киім дүкені, ателье мен кеңселерге арналған бос бөлмелер. Бұл екі қабатты нысан бескөлдік бизнесвумен Бақыт Сейіловаға тиесілі. Нәзік жанды жеке ісін 2006 жылы бір-екі тігін машинасымен бастаған. Енді, міне тұрақты пайда әкелетін кәсібін дөңгелетіп отыр. Барлығы – табандылық, еңбекқорлық мен мемлекеттен көрсетілген қолдаудың арқасында дейді ол.

Бақыт Сейілова – жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Мен тігін тігуді бала кезімнен жақсы көремін. Ерекше дүниелерді жасағанды қатты ұнатамын. Сондықтан, осы өнерді өмірлік ісім ретінде таңдадым. Алдымен қарапайым тігінші болып бастадым. Сұраныс артқаннан кейін кеңейткім келді. Бірақ, өндіріс көлемін ұлғайтып, тұрғындардың тапсырысын сапалы орындау үшін қымбат техника қажет еді. Сөйтіп, алғаш рет Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына көмекке жүгіндім. 2009 жылы несие алып, екі бірдей заманауи машина сатып алдым.

Қарызды қайтарудың талабы кәсіпкерлер үшін өте қолайлы. Несие өз бизнесін ашқысы келетін немесе жеке ісін дөңгелетіп отырғандар үшін 6 пайыз жылдық үстемеақымен беріледі.

Бақыт Сейілова – жеке кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– 2009 жылдан кейін мен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы тағы 3 мәрте несие алдым. Барлығын ісімді кеңейтуге жұмсадым. Қымбат, сапалы материалдарды сатып алып, мектеп формаларын, пиджак тігуді бастадық. Техниканың санын көбейттім.

Бүгінде ательеде 6 адам еңбектенуде. Қайыржан Көшкінбаева тігінмен кішкентайынан айналысады. Анасы шебер болғандықтан, түйме қадап, көйлек пішуді бала кезде-ақ үйреніпті. Қолына ине алғаннан бері өзіне киімді өзі тігеді. Үстіндегі көйлегі де жеке дизайн негізінде жасалған. Ал мамандығы бойынша Қайыржан Сердәліқызы – мұғалім. Балаларды оқытуға нәзікжанды 40 жылын арнапты. Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін хоббиін қайта қола алған. Міне 8 жыл болды, ол бескөлдіктерді көздің жауын алатын белдемше, көйлек, пиджактармен қуантуда.

Қайыржан Көшкінбаева – тігінші, Қызылжар ауданы:

– Бұл – менің қызымның ательесі. Қызыма көмектесуге келдім. Қолымнан келмейтін іс жоқ. Қандай тапсырыс түссе, соны тіге береміз. Қазір әр түрлі тапсырыстар түседі. Біреуіне замок кереді, біреуге балақ қысқарту керек. Мектеп формасын да тігіп жатырмыз. Қазір мектеп формасы керек болмаса да кейбір ата-аналар тігіп жатыр.

Медициналық маскаларға деген сұраныс әлі де жоғары. Күніне шеберлер 200-250-ін дайындайды. Ал елді пандемия енді жайлағанда 500 бетпердеге дейін тапсырыс түсіпті. Себебі, тауардың сапасы жоғары. Көлемі, дизайны бойынша таңдау бар. Ең бастысы -аптап ыстықта маска тынысты тарылтпайды. Бағасы қолжетімді, бір-біреуінің құны – 250 тг. Бүгінде ателье бескөлдіктерді ғана емес, облыс орталығының тұрғындарын да көпреттік қорғаныс құралымен қамтып отыр.

Аймақ: 
Солтүстік Қазақстан облысы
13.08.2020