Call-center 1411

You are here

Жол апаты салдарынан арбаға таңылған Серікбек Райхан жеке кәсіппен айналысуда

Серікбек бүгінде жеке кәсібін ашып, арбаға таңылса да ақырын жүріп, анық басып, берекелі бастаманың бір шетін ұстаған. Одан қалса, отандық өнімді қолдау ниетімен өзіндік бренд те қалыптастырып үлгерді.
Асқан қажырлық таныта білген қандасымыз 2005 жылы Қытай асып, Үржар ауданына қоныс аударып келген. Бала күнгі фотограф боламын деген арманына ақырындап болса да жақындай түсіп, сапалы суреттер мен бейнемонтаждар жасап жүрді. Содан соң бір автобус алып көрген. Табысы тәуір көрінгенімен, бір бұзылса бүкіл қаражат соған кететін болғандықтан шығыны да аз болмапты.Жол апатынан кейін өзі айтқандай, тірнектеп бастаған тірлігін жалғастырып, бренд ашып, әйтеуір үш жыл дегенде «Сыйлас» деген марканы қолына алыпты. Неліктен мұндай ат қойдыңыз дегенде «Ұлымның есімі Сыйлас еді» дейді  кәсіпкер. 2018 жылы жеке кәсібінде ширақтық танытқан қандасымыз бір жарым миллион теңге табыс тауып, сол қаражатқа тұқымы ірі шемішке және оны қуыратын станок алған екен. Қаптамаға ұлттық нақыштағы дизайн да ойластырып, дәрігерлер 1 топ мүгедектікке қойса да, аяқ алысын бастап жіберген.
 – "Арбаға таңылғанымда айналамдағыларға масыл болғым келмеді. Менің жағдайымда туғандары тастап кеткен жайттың қаншамасын естігем, – дейді өткенге бір ой жүгіртіп. – Жұбайыммен 2008 жылы шаңырақ көтердік. Аллаға шүкір, он бір жыл отасқан ғұмырымызда аяулы жарым Жайна жанымнан бір елі кетпеді. Жол апатынан кейін оның қиналғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Кейіпкеріміз ары қарай«Сыйлас» маркасымен бірқатар жеңсік тағамдарды өндіруге ниетті екенін айтты. Мәселен құрт өндіруді қолға алса, адамның иммунитетіне таптырмас дәрумен дейді. Одан бөлек, бір маркамен сауда сахнасында ісі өнсе, оны жан-жақты жалғастыруға даңғыл жол ашылмақ. Қолдау көрсетіп, қол ұшын беретіндер табылса, онда 200-ге дейін өнімдерді сатылымға шығаруға болады, дейді кәсіпкер. 

 

Аймақ: 
Шығыс Қазақстан облысы
Өсімдік шаруашылығы
, 19.11.2019