Жамбыл облысында автоматтандырылған жемазық өндіру кешені ашылды

Жамбыл облысында «GOOD LOOK сауда үйі» ЖШС-нің салтанатты ашылу рәсімі болды.
Автоматтандырылған өндіріс кешені жылына 36 мың тонна жемазық өндіруге қуатты. Аталған зауыт құрылысына 1 млрд. теңгеден астам инвестиция салынып, 23 жұмыс орны ашылды. Зауытта қытай бұршағы мен арпадан жасалған жаңа жемазық шығарылатын болады.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев Индустриаландыру картасының екінші бесжылдығы аясында Жамбыл облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып келе жатқан Қазақстанның жаңа индустриялық саясаты - ұлттық экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылтып, құны жоғары өнім шығаруға, қайта өңдеу секторын дамытуға және инновациялық технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыруға зор үлесін қосып отыр.
Жалпы Индустриаландыру картасының екінші бесжылдығы аясында Жамбыл облысында жалпы құны 558 млрд 600 млн.теңге құрайтын 34 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Биылғы жылы 19 млрд.теңгенің 10 инвестициялық жобасын іске қосып, онда 1500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген, - деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, аймақ басшысы автоматтандырылған жемазық өндіру зауытын ашудың облысқа тигізер пайдасына да тоқталып өтті.
– Бұл зауыт, өз кезегінде, шаруаларға өсімдік өнімдерін өткеруге кең мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, кәсіпорнының шаруашылықтарда бар 110 мың бас жылқы, 356 мың бас ірі қара мал, 3 млн-ға жуық қой-ешкі, 1,2 млн. құстың малазығы қорына қомақты үлес қосатыны анық. 
Осылайша, жаңа кәсіпорын облыс экономикасының тұрақты дамуына оң септігін тигізеді деп ойлаймын.
Ал, мемлекет тарапынан өңір кәсіпкерлігінің, оның ішінде ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы үшін барлық жағдай жасалатын болады, - деді Кәрім Көкірекбаев.
Еске сала кетейік, «GOOD LOOK сауда үйі» ЖШС-нің салтанатты ашылуы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні мерекесіне орайластырған болатын.

 

Аймақ: 
Алматы қ.
04.12.2017